Экономика

Зейнетақы мен жәрдемақы өседі

Жолдау

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дағдарыстан – жаңару мен дамуға» атты Жолдауындағы қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту барысында айтылған маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі – зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін өсіру.

Бүгінгі күні облыста республикалық бюджет пен әлеуметтік сақтандыру қорынан барлығы 224 579 адам тиісті әлеуметтік жәрдемақылары мен зейнетақыларын алады.

Келер жылдан бастап зейнетақының орташа мөлшері 25, ал 2011 жылы 30 пайызға ұлғайтылады. Сол сияқты 2011 жылы базалық зейнетақылық төлемдер ең төменгі өмір сүру мөлшерінің 50 пайызына дейін өседі.

Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан жұмыссыздығы бойынша жәрдемақы төлеудің мерзімін 4-тен 6 айға дейін ұлғайту қаралған.

Елімізде ана мен баланы әлеуметтік қорғауға айрықша маңыз берілуде. Сонымен қатар көп балалы аналарды қолдау мақсатында Елбасы Үкіметке Құрметті ана атақтарын беру тәртібін қайта қарауды тапсырды.

2010 жылдан бастап «Алтын алқа» наградасын он бала емес, жеті бала тәрбиелеп отырған аналар алатын болады. «Күміс алқа» атағымен алты бала тәрбиелеп отырған аналар марапатталады. Бұл наградаларға ие болатын көп балалы аналар 8 мың теңгеден астам мөлшерде ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға қол жеткізеді.

Қазір облыста мемлекеттің арнайы наградаларымен марапатталып отырған аналар саны – 6250 адам. Дегенмен де бұл сан келесі жылы әлдеқайда өспек.

Елбасы Жолдауда дәстүрлі төлемдердің көбейетінін тілге тиек етті. Яғни 2010 жылдан бастап төрт және одан да көп бала туған аналарға берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылмақ. Бала күтіміне байланысты айлық жәрдемақы орта есеппен 20 пайызға өсіріледі.

Сонымен қатар бүгінгі күрделі жағдайда мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Қазір облыста 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 1492 бала мемлекеттен арнайы жәрдемақы алып отыр. 2010 жылдан бастап 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы енгізіледі.

Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан облыста зейнеткерлердің зейнетақысы мен әлеуметтік және арнайы мемлекеттік жәрдемақы алатын жандардың төлемдері ай сайын белгілі уақытта қолдарына тиіп отыр. Мұның өзі ел Үкіметінің дағдарысқа қарсы бағдарламаны жедел түрде жүзеге асыруының айқын көрінісі деп түсінген жөн.

Қайрат ОТАРОВ,

«Зейнетақы төлеу жөніндегі орталық» РМҚК

Ақтөбе облыстық филиалының директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button